"Бәйтерек" холдингі егіс науқанын қаржыландыру жайын сөз етті
Нияз Жеңісұлы, "Бәйтерек" холдингі
егіс науқанын қалай қолдап жатыр?
Егін егу, содан кейін оны ору науқанын ойдағыдай өткізу үшін шаруаға екі негізгі мәселені шешу қажет. Біріншісі - не егіп, не жинау керек екенін анықтау. Екіншісі - жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқым, тыңайтқыштар, пестицидтер сатып алу, жұмысшыларға еңбекақы төлеу мәселесі.
Біз ең әуелі мәселені "ҚазАгроҚаржы" АҚ лизингтік бағдарламалары арқылы шешуге көмектесеміз. Ол арқылы фермер отандық және шетелдік өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Субсидиялардың арқасында фермер үшін лизинг мөлшерлемесінің жылдық пайызы 6% болады. Айналымдағы қаражатты толықтыру бойынша екінші мәселе біздің еншілес ұйым "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ (АНК) арқылы шешіледі деуге болады. АНК қарыз алушыға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие береді. Бұл несиелер бюджет қаражаты есебінен беріледі.
Егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Оны жүзеге асыруға қазірдің өзінде қанша қаражат бөлінді?
Бүгінде АНК 2,8 млн гектар алқапты өңдеу үшін 122 млрд теңгеге 3 мың ауыл шаруашылығы құрылымын қаржыландырды. Жалпы қаржыландыру лимиті 140 млрд теңге болса, бюджет қаражатының 87%-ы игерілді. "ҚазАгроҚаржы" АҚ кейінгі деректер бойынша 2,2 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 58 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық лизинг шарттарын жасасқан. Оның 123 егіс кешені, 82 комбайн, 106 тұқым сепкіш бар. Бұл ретте жалпы қаржыландырудың жартысына жуығы отандық ауыл шаруашылығы техникасына тиесілі.
Қазіргі егіс науқанына несие беру бағдарламасының қандай өзгерістерін атап өтуге болады?
Несиелер тезірек берілді. Биыл бюджеттен қаржы қаңтар айының соңында түсті. Өткен жылдары қаржы ақпан айының ортасына, тіпті екінші жартысына дейін түскен. Бұл ретте АНК бюджет қаражатының түсуін күтпей-ақ қаржыландыруға өтінімдерді алдын ала қабылдай берді.
Соның нәтижесінде, егер бүгінде жоғарыда атап өткенімдей, 122 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылдың осы күнінде 66 миллиард теңгеге жуық қаржы ғана игерілген еді. Бұл ретте егіс және егін жинау науқандары құнының өсуін ескере отырып, бір гектарды қаржыландырудың орташа нормативі 30% өскенін айта кету керек. Сонда гектарды қаржыландыру 54 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Тағы бір өзгеріс – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын тікелей несиелеуден бас тарту. Себебі бұрын "Аграрлық несие корпорациясынан" тікелей несие алу үшін қарыз алушы банк кепілдігін ұсынуға тиіс еді Оны алу үшін банкке бару, талдауға құжаттарды ұсыну қажет болды. Банктегі кепілдік беру кезіндегі талдау процесінің несиелеу процесінен түбегейлі айырмашылығы жоқ. Екі жағдайда да банк өзіне алатын несиелік кіріс-шығысты, тәуекелді бағалайды. Бұл уақыт алады. Банк кепілдігін алғаннан кейін адамға АНК-ден несие алу үшін құжаттарды қайта жинауға тура келді. Енді қарыз алушыға екі рет құжат жинаудың қажеті жоқ. Ол құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" қаржыландыратын екінші деңгейлі банктерге, несие серіктестіктеріне, микронесие ұйымдарына немесе аймақтық инвестициялық орталықтарға бір рет қана тапсырады.
Сұқбатыңызға рақмет!