Павлодар облысында кардиохирург жұмыстан қуылды
Қазақстан телеарнасының мәліметінше Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ресми түрде мәлімдеді.
Кардиохирург Әділжан Әлбазаров — алты баланың әкесі, 39 жастағы Қайрат Қайранбековке қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез салып, ажалдан аман алып қалды. Павлодардағы операция жылдам жасалып, рекордтық уақытта аяқталды. Бастысы сырқаттың денсаулығына қауіп жоқ. Ал күрделі операцияны жасаған хирург әрі аймақаралық кардиоорталық директоры Әділжан Әлбазаров келесі күні жұмыстан қуылды.
Хирург ретінде өте мықты маман. Бірақ мекеме басшысы болғандықтан, бірінші кезекте қаржылық жауапкершілік талап етіледі. Алдымен соған жауапты. Ал Мемлекеттік ішкі аудит департаменті кардиорталықты тексеріп, бірқатар заңбұзушылық деректерін анықтады. Соған байланысты біз оны жұмысынан шығардық.Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.
Қазір бұл істі Экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті қарап жатыр. Өкілетті ведомства әзірге қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал кардиорталықтың экс-директоры аудиторлық тексеруге қатысты сот үкімі шықпай, жұмыстан қуылғанын заңсыз деп санайды. Сондықтан басқарманы сотқа бермекші.