Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көбі вакцина салдырмаған
Ал жыл басынан бері қалада КВИ бойынша 55 322 жағдай тіркелген. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2022 жылғы 24 маусымдағы бірлескен бұйрығымен коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналған төсек-орын саны 135-ке дейін ұлғайтылды. 29 маусым таңертеңгі жағдай бойынша жұқпалы аурулар ауруханасында 48 пациент емделіп жатыр.
Ауруханаға түскендердің ішінде 10 жүкті әйел бар. Олардың ешқайсы вакцина салдырмаған. Үй карантинінде 269 пациент бар, олардың да 80%-ға жуығы вакцина салдырмаған, – делінген Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Инфекция жұқтырғандардың арасында «стелс-омикрон» штаммы басым. Болжам бойынша, бұл мутация бүгінде тарап жатыр. Ал бұл инфекцияның үдемелі өсуін тудырады. Науқастардағы клиникалық сипатта көбіне катаральды құбылыстар басым болады: дене қызуы, жөтел, тамақ ауруы, әлсіздік және тағы басқасы.
Бүгінде қалада медициналық ұйымдарда 96 вакцинация пункті және 175 вакциналау бригадасы жұмыс істейді. Алматыда вакцинация үшін мына препараттардың дозасын салдыруға болады: QazVac, Vero Cell, Pfizer.