Өзбекстанда тағы тоғыз бала "Док-1 Макс" дәрісінен уланды
Ташкент облысындағы Уртасарай елдімекенінде "ДОК-1 Макс" шәрбат дәрісін қабылдаған тоғыз бала өзін жайсыз сезінген. Бұл туралы 5 қаңтарда аталған аймақтың әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бес баланың сауығып, үйіне босатылғанын атап өтті. Тағы төртеуінің жағдайы тұрақты деп бағаланады, олар ауруханада ем-дом алуды жалғастырады.
Ташкент облысының медициналық мекемелерінде "ДОК-1 Макс" препаратынан балалардың уланып, қайтыс болу фактілері тіркелмеген.
Сонымен қатар әкімшілік құқық қорғау органдары өкілдерімен және аудандық және қалалық медициналық бірлестіктердің қызметкерлерімен бірге облыстағы барлық дәріхананы тексеріп, Quramax компаниясы шығарған препараттарды тәркілегендерін атап өтті.
Дәрігерлер мен медбикелер үй-үйді аралап, көпшілікке дәрігердің нұсқауынсыз қабылданған дәрі-дәрмектің теріс әсері болуы мүмкін екенін түсіндірді. Сондай-ақ олар үйдегі алғашқы көмекке арналған дәрі-дәрмек қобдишасын да тексеріп жатыр.
Бұған дейін Сырдария мен Ферғана қалаларында сегіз балада "ДОК-1 Макс" шәрбат дәрісі теріс әсер тудырғаны хабарланған болатын.
Өзбекстанда Үндістаннан өндіріліп шыққан шәрбат дәріні қабылдаған 19 баланың көз жұмғаны расталды. Тергеу нәтижелері бойынша препарат партиясының құрамында улы зат – этиленгликоль нормадан 300 есе жоғары дозада болғаны анықталды.
19 бала қайтыс болғаннан кейін Өзбекстанда жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі 2022 жылы Quramax компаниясы тасымалдаған барлық дәрі-дәрмекті сатуды доғаруды тапсырған болатын.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, Қазақстанда мұндай препараттар сатылымға шықпаған.