ОҚО-да тұрғын үйден шыққан өрттен 7 айлық сәби көз жұмды
Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында тұрғын үйден өрт шығып, 7 айлық сәби көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай аудан орталығы - Шәуілдір елді мекенінде болған. Тұрғын үйден өрт шығып, оқиға орнына ТЖ қызметкерлері жеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға ОҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінен 7 қызметкер, 3 дана техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ, Отырар аудандық ІІБ-нің 4 қызметкері мен 1 дана техника жалынды өшіруге атсалысқан. Кейіннен жалын ішінде 7 айлық нәрестенің қалып кеткені белгілі болды. Ол аман қалып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Алайда денесінің басым бөлігін күйік шалған сәби жан тәсілім етті. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Әзірге белгілісі, нәресте үйінде жалғыз қалған екен.