Полиция қызметкерінің бетіне түкірген ақтөбелік жазаланды
Ол бұл әрекеті үшін айыппұл төлейді, деп хабарлайды Baq.kz.
Ырғыз ауданының тұрғыны мас күйінде полиция қызметкерлеріне ұсталған. Ол полиция қызметкерлеріне дөрекі сөйлеп, бетіне түкірген.
29 жастағы азамат «Билік өкілдерін қорлау» бабы бойынша айыпталды.
Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылдың маусым айында ол көшеде мас күйде жүрген. Полиция қызметкерлері оның ішімдік ішкенін растау үшін аудандық ауруханаға апарған. Тексерілгеннен кейін ішкі істер бөліміне келген ол полиция қызметкерін балағаттап, бетіне түкірген.
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, енді ондай жағдай қайталанбайтынын айтып, жазаны жеңілдету туралы өтінген.
Медициналық сараптама нәтижесінде оның ішімдік ішкені және марихуана шеккені анықталды.
Сот шешімі бойынша ол үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде 35 АЕК көлемінде, яғни 84 175 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.