Трамадолды рецептісіз сатқан алматылық фармацевт жазаланды
Алматыда трамадол препаратын рецептісіз өткізген фармацевт 70 АЕК, яғни 168 350 теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заңбұзушылықты «Свободные люди» қорының белсенділері байқап қалған. «Свободные люди» қорының белсендісі Ольга Агапова аталған жайт туралы Facebook желісінде жазба жариялады. Жазба негізінде ҚР ДСМ Фармация комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті тексеру жүргізген болатын.
Әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы тиісті қаулы 2018 жылғы 25 қыркүйекте шықты.
«Свободные люди» қорының белсендісі Ольга Агапованың өтінішінде көрсетілген фактілерді тексердік. Тексеру кезінде Трамадол препараты дәріхана қалдығында жоқ болып шықты. Бұған дейін дәріханада сатылған көлемге белгіленген барлық кіріс құжаттары, сондай-ақ қауіпсіздігі мен сапасы туралы қорытынды болған. Алайда, фармацевтің Трамадол препаратының бір орамын рецептісіз сатқанын анықтай алдық. Жіберген қателігін дәріхана қызметкері өзі де мойындады», - деді ҚР ДСМ Фармация комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұхамедьяров.
Маманның айтуынша, құрамында психотроптық заттар бар Трамадол препараты - қатерлі ісік, жарақаттары бар пациенттерге және операциядан кейінгі кезеңде тек дәрігердің тағайындауы бойынша ғана берілетін анальгетик.
«Осы препараттың рецептісіз берілуіне әкімшілік жаза тағайындалған. Айыппұл қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде кешіктірілмей төленуі тиіс. Осы мерзім өткен соң кемшілікке жол берген фармацевт айыппұл төлегені туралы түбіртекті бізге міндетті түрде көрсетуі тиіс, болмаса қаулы мәжбүрлі түрде орындалады» - деп түсіндірді Мұрат Мұхамедьяров.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қыркүйек күні Facebook әлеуметтік желісінде Алматы дәріханаларының бірінде Трамадол препаратының рецептісіз сатылып жатқаны туралы жазба пайда болды. Видеоға «жасырын сатып алушының» Трамадолды рецептісіз сатып алып жатқаны, ал фармацевтің фискальдық чекті беруден бас тартқаны түсіп қалған.