"Ставка тіккіш" инста-алаяқ клиенттерін 6 миллион теңгеге "лақтырды"
Интернет арқылы алаяқтық жасау дерегі бойынша 23 жастағы азаматтың ісі тергелуде. А. есімді күдікті Instagram қолданушыларын алдап, олардың сенімін асыра пайдалану арқылы ақшаларын қағып алған, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Жұмыссыз жігіт "Olimp_bets_kzzz" деп аталатын парақша ашып, букмекерлік кеңселерде ставка тігу арқылы ақшаларын көбейтіп беруді ұсынған. Бір қызығы, паблик админінің ақшаны 10 есе көбейтіп беремін деген уәдесіне сенген азаматтар бейтаныс адамның "8-700-694-14-52" нөмірімен ашылған "киви-кошелегіне" ақша салған. Ақшаны алған соң алаяқ өз "клиенттерімен" байланысқа шықпай, олардың парақшаларын бұғаттап отырған.Әзірге А. есімді азаматтың 4 қылмыстық эпизоды ашылды. Жалпылай алғанда алаяқ азаматтарды 6 миллион теңгеге алдап кеткен. Дерек бойынша ҚР ҚК 190 бабы, 2 п. 4 б. "ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен" бойынша тергеу басталды, – деді криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.
Ал Алматы полициясы аталған парақша иесінен зардап шеккендер болса, олардан 298-51-36; 8-747-818-31-99 немесе 102 телефон нөміріне хабарласуын сұрайды.