Алматы облысында танысын аяусыз соққыға жығып, ажал құштырған күдікті ұсталды
Талдықорған қаласында өзінің танысын ауыр соққыға жықты деген күдікке ілінген 28 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Талдықорған қаласында орын алған. Көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінен ер адамның мәйіті табылғаны туралы полицияға хабар берілген. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шаралары барысында зардап шегушінің тұлғасы анықталып, осы қылмысты жасады деген күдікке ілінген облыс орталығының тұрғыны ұсталды.
Тергеу барысында қайтыс болған азамат пен күдіктінің өзара жақын таныс екені және ішімдік ішу кезінде жанжал туындап, күдікті өзінің бөтелкелес досын аяусыз соққыға жыққаны анықталды.
"Осы дерекке қатысы бар деген күдікті ұсталды. Оған 30 жастағы қала тұрғынының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiрді деген айып тағылып отыр. Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және тиісті сараптама тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды",- деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.