Арабияда арақ ішкен қазақстандықтар полициядан бір-ақ шықты
Біріккен Араб Әмірлігінде қонақүйлердің бірінде ішіп алған қазақстандық туристер төбелесіп, полициядан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Zakon.kz Дубайдағы және Солтүстік Әмірліктердегі Қазақстан Республикасының бас консулдығына сілтеме жасап.
Жақында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қонақ үйлердің бірінде бас қосқан қазақстандық азаматтар өзара жанжалдасып, төбелескен. Оқиға орнына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары қоғамдық орында шу шығарып, төбелесу және тыйым салынған жерде алкогольдік ішімдікті қолдану фактілері бойынша іс қозғады. Тараптардың татуласуына байланысты бірінші іс тоқтатылғанымен, екінші фактіге қатысты материалдар сотқа жөнелтілді.
"Осы ыңғайсыз оқиға салдарынан отандастарымыз өзі мен отбасыларының демалыс шырқын бұзып қана қоймай, қомақы сомада айыппұл төлеуге мәжбүр", - деді Бас консулдық.
Құзырлы органның статистикасына сәйкес, мұнда туристер алкогольдік ішімдіктерді тұтыну заң бұзушылығына көп жол береді екен.
- Бұл елдің заңына сәйкес, мұнда тек лицензиясы бар орындарда ішімдік ішуге рұқсат етілген. Алайда арнайы рұқсаты болмаса да мұндағы көптеген қонақ үй мен мейрамханалар спирттік өнімдерді ашықтан ашық сата береді. Қазақстандықтардың ұсталуының басты себебі – ішімдікті ішкенінде емес, ішімдікті ішкеннен кейін өзін қалай ұстағанына байланысты болып тұр. Дегенмен жергілікті стандарттарға сәйкес, қоғамдық орында сәл-пәл болса да мас күйінде жүру өз еркімен заңды бұзу сипатында қылмыс құрамына тіркеледі.Осыған байланысты, туристік маусымның қарсаңында БАӘ-дегі Қазақстанның Бас консулдығы барлық туристерге жергілікті заңнаманың осындай ерекшеліктерін басты назарда ұстауларына кеңес береді, - дейді ондағылар.