4 мектептің директор орынбасарлары жиналысқа бара жатып, жол апатынан қаза тапты
Ферғана облысының Даңғара ауданындағы төрт мектептің директорларының орынбасарлары түнгі жиналысқа қатысу үшін облыстық басқармаға барар жолда апатқа ұшырап, қайтыс болды, деп хабарлайды Zakon.kz Озодлик агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 29 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 11 шамасында Қоқан қаласы маңында орын алған. Екі адам апат болған жерде тіл тартпай кеткен, ал тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Мектеп директорларының орынбасарлары 30 қыркүйекке қараған түні Ферғана облысы әкімшілігінде өткен діни мәселелер жөніндегі жиналысқа қатысу үшін "Нексия" көлігімен Даңғара ауданынан шығып кеткен. Екі араның қашықтығы 90 шақырым болған. Рөлдегі №26-шы мектеп директорының орынбасары көзі ілініп кетіп, көлік жарық бағанына соғылған.
- Мектеп директорлары орынбасарлары Ферғана облысы әкімшілігінің сақал мен хиджаб киюге қарсы науқанға арналған түнгі жиналысқа баруға кеткен. Оларға түнгі 11-де қоңырау шалып, түнгі 1-дегі жиналысқа тез жетіңдер деген, - дейді қайтыс болған адамның бірінің туысы.
- Жексенбі күні оларды аяқ-асты жиналысқа шақырды. Олар бензинді үнемдеп, бірінің көлігіне мінгесіп кетуді жөн көрген еді.Көлікті тізгіндеген жігіт сол күні қара кешке дейін жұмыста болған, сондықтан ол қатты шаршап, көзі ілініп кеткен секілді. Кеше оларды жерледі. Біздің ауыл үшін мұғалімдер күні аза тұту күніне айналды, - дейді қайтыс болған мектеп директорларының бірінің туысы.
Полиция бөлімі жол апаты фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.