Қызылорда облысында су торабы жарылайын деп тұр
Хабар 24
2004 жылы 1,5 миллиард теңгеге салынған тораптың кепілдік мерзімі 20 жылға жетпей сыр берді.
Сырдария өзені бойында орналасқан Әйтек су торабы гидронысанның темір жақтаулары төмен сырғып, су асты бетон платформасы 6 метрге шөккен. Мамандар 12 арнайы техникамен күндіз-түні нысан басында шапқылап жүр, деп хабарлайды "Хабар 24".
"2004 жылы 1,5 миллиард теңгеге салынған тораптың кепілдік мерзімі 20 жылға жетпей сыр берді. Секундына 700 текше метр су өткізетін гидроқұрылғы арқылы Жалағаш, Сырдария аудандарының егістігі суарылады. Сонымен қатар Еліктай, Соркөл және Әйтек каналдары толтырылады. Қазіргі таңда тоспа түгел құлап қалмауы үшін қабырғалары 13 тонна таспен бекітілді. Бірақ бұл уақытша қауіпсіздік шаралары болып саналады. Нысан толық жаңғыртылмай су түгел торапты шайып кетсе, 16 мың гектар алқап тіршілік нәрінен қағылады", - дейді телеарна тілшісі.
Хамит Биімбетов, "Қазсушар" РМК филиал директорының орынбасары:
- Жыл аяғына дейін сүңгуірлерден құралған жобалаушы топ өкілдері нысанды толық зерттеуден өткізеді. Келер жылдың сәуір айына дейін жобалық-сметалық құжаттары дайын болуы тиіс. Өйткені егіс алқаптарын суару кезеңінде құрылысты бастап, 6 айда аяқтауымыз қажет. Ұзындығы 58, ені 54 метрді құрайтын нысанда қазір төтенше жағдай жарияланды. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі әзірге белгісіз.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript