ШҚО-да жоғалған екі бала аман-есен табылды
Полиция қызметкерлері мен әскери сарбаздар түні бойы із-түзсіз жоғалып кеткен екі баланы іздеумен болды, деп хабарлайды zakon.kz Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 қаңтарда түн ортасында облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны екі кәмелетке толмаған баласын іздеуге көмек сұрап, Өскемен қалалық полиция бөлімшесіне қоңырау шалған.
Әйел балаларының ол жұмыста болған кезде жоғалып кеткенін айтты. Түстен кейін, кешкі асқа жақын қалғанда балалар анасынан сұранып, Согра ауылында орналасқан мұз айдынға сырғанақ тебуге кеткен. Содан кейін балалар үйге оралмады. Әйел өзімен бірге тұратын ер адаммен балаларды өзінше іздеп табуға тырысқан. Бірақ іздеу жұмысы нәтиже бермеді.
Балалардың жоғалғаны туралы хабар түсе салысымен бірден дабыл белгісі қосылып, жаппай іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Дабыл белгісімен полиция мен Ұлттық ұланның жеке құрамы аяғынан тік тұрды. Балаларды іздеу үшін арнайы іздеу топтары құрылды. Жоғалған балалардың, сонымен қатар олардың қайда екендігі туралы білетін куәгерлердің қайда екенін анықтау үшін іздеу шараларының кешені жүргізілді. Полиция мен әскери бөлім қызметкерлері бірлесіп балалардың тұратын аумағын сүзіп шықты.
5 қаңтарда таңертең ерте аулаларды шарлау кезінде балалар өз үйіне жақын орналасқан жеке сектордан табылды. Ұлттық гвардияның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері балаларды жер үйдің бірінен аман-есен күйінде тапты.
Қала тұрғындарының айтуынша, олар үсті-басы су-су балаларды кешке дүкенде тұрған жерінен кездестірген. Мұз айдында ойнаған балалардың үсті-басы су болған. Олар балалардан тұратын жерін сұрап, үйлеріне алып барған, бірақ онда ешкім болмапты. Қауіпсіздік мақсатында жанашыр азаматтар балаларды өз үйіне алып кеткен. Тамақ беріп, үстеріндегі су киімді кептіріп, ақыры түн болған соң балаларды таңертең үйіне апармақ болып шешкен. Бірақ одан бұрын үйлеріне тәртіп сақшылары бас сұққан. Балалар аман-есен үйлеріне оралды.