Семейде жоғалған екі бала аман-есен табылды
Фото: Zakon.kz
Арыз берушілердің айтуынша, балаларды соңғы рет сағат 20:00 шамасында Семей қаласының Шығыс кенті ауданындағы балалар алаңында көрген. Хабарлама түскеннен кейін Семей қалалық полиция басқармасының барлық гарнизоны дабыл бойынша көтерілді.
Іздеу іс-шараларына полиция қызметкері, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, кезекшілікте болған патрульдік полиция батальонының барлық экипажы, сондай-ақ 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
Түні бойы полицейлер аула-қораларды, балалар алаңдарын, қараусыз қалған ғимараттарды, бос жерлерді және балалар болуы мүмкін өзге де аумақтарды тексерді. Жүргізілген іздестіру нәтижесінде сағат 09:10 шамасында балалар жергілікті тұрғындардың бірінің ауласынан табылды.
Әйел кәмелетке толмағандарды байқап, дереу полицияға хабар берген. Балалар аман-есен табылып, ата-аналарына тапсырылды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылады. Жиналған материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады.