Шымкентте баспанаға қол жеткізе алмаған көпбалалы ана өзіне қол жұмсап, мерт болды
Шымкент қаласының полициясы көп балалы ананы өз-өзіне қол жұмсауға не итермелегенін анықтап жатыр, деп хабарлайды otyrar.kz.
Шымкентте көп балалы ана өз-өзіне қол жұмсады. Әйелдің артында алты баласы қалды. Оларды әйел жалғыз өзі тәрбиелеген. Қайғылы оқиға Жаңа жыл мерекесі қарсаңында болды. Кейбір БАҚ-тардың хабарлауынша, қайтыс болған әйел мемлекеттен баспана алу үшін кезекте тұрған. Қазір полиция оқиғаның мән-жайы мен көп балалы ананы осындай қадамға итермелеудің себептерін анықтауда.
"Бұл факті әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркелді", - дейді Шымкент қалалық полиция бөлімінің ресми өкілі Әсел Сәденова.
NewTimes.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, алты баланың анасы 28 желтоқсанда өз-өзіне қол жұмсаған. Ақпараттық портал үй кезегі жақындағанда әйелді тізімнен кейінге шегеріп жіберуі оның өз-өзіне қастық қылуына себеп болған деген болжамды жариялады.