Сапарбаев Қордай ауданы тұрғындарынан Қырғызстанға кетпеулерін сұрады
ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай аймағында болған оқиға салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия Жамбыл облысына келді. Вице-премьер жаппай тәртіпсіздікке қатысты барлық елді-мекендерде болып, мәселемен жекелей танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Бірінші кезекте Бердібек Сапарбаев жаппай тәртіпсіздіктен кейін 137 адам көмегіне жүгінген Қордай аудандық ауруханасында болды. Қазір онда 100 адам амбулаториялық негізде ем алып жатыр, ал алтауы Алматыға тікұшақпен жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жеткізілгендерге толықтай медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы, қазір 37 адам ауруханада жатыр, оның ішінде тоғыз адам жан сақтау бөлімінде, ал 18 адам үйге шығуға дайындалып жатыр.
Ауруханаға барғаннан кейін вице-премьер қазір Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді- мекендерінде күзетте тұрған полиция және әскери қызметкерлермен кездесті. Сапарбаев оларға қауіпсіздікті күшейтуге, тәртіптің сақталуына ерекше бақылауға алу керектігін баса айтты.
Ең бастысы, қазір Сіздер тыныштықты, тұрақтылықты қамтамасыз етулеріңіз керек. Адамдар көшеде алаңсыз жүріп, алаңсыз ұйықтап, отбасылары мен бала-шағасы үшін қорқып-үрікпеуі керек, - деді вице-премьер.
Үкімет комиссиясы басшысымен кездесуде жергілікті тұрғындар мұндай тәртіпсіздіктің қайталануы мүмкін деген қорқыныштары барын жеткізді. Бердібек Сапарбаев жағдайды бақылауда деп сендіріп, оларды сабырға шақырды.
Біз бәрін тәртіпке келтіреміз, алаңдамаңыздар. Біз арандатушыларды, төбелесті тудырушыларды міндетті түрде табамыз. Жас жігіттер қайтыс болды. Не үшін? Кім үшін? Барлық елді-мекендерде жиналыс өткіземіз. Туған-туыстарыңызға Қырғызстанға кетпе деп айтыңыздар. Біз жақында күндері шекара жаққа да барамыз, - деді вице-премьер Сортөбе ауылының тұрғындарымен кездесуінде.
Ол сонымен қатар жергілікті ақсақалдардан ауыл халқымен сөйлесіп, үкіметтік комиссияның мұнда жағдайды объективті түрде зерттеу үшін келгендігін түсіндіруді сұрады.
Кінәлілер жазаланатын болады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және басқа да көмек көрсетіледі. Қазір басты мәселе - аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, - деп атап өтті Сапарбаев.
Бүгінгі таңда елді-мекендердегі көше қаңырап бос қалған, жергілікті тұрғындар үйінен шығуға батылы жетпеуде.
7 ақпанда Жамбыл облысы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Президент атап өткендей, бұл жағдайды арандатушылар пайдаланып кеткен. Ішкі істер министрлігі басшысының айтуынша, сегіз адам қайтыс болды, бірнеше ондаған адам жарақат алды.