Қордай ауданына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жетті
Жамбыл облысы Қордай ауданында бүгіннен бастап мектеп, балабақшалар қайта жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Жергілікті мұғалімдер күнделікті жұмысқа шығып, оқушылар оқу бағдарламасын жалғастырады. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік-гуманитарлық көмек беру шаралары да басталды
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Түн қалыпты. Мұнда жұмыс түні бойы тоқтаған жоқ. Құқық қорғау органдары, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдай саласының қызметкерлері тыныштықты күзетіп шықты. Бір сөзбен айтқанда, жағдай тұрақты. Сондай-ақ өткен түні Сортөбе ауылына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жетті.
5 тонна ұн, 1,5 май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялық, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек Жамбыл ауданынан жіберілген. Бұл заттарды Жалпақтөбе ауылының тұрғындары жәрдем, демеу болсын деп ерікті түрде жинапты. Жеткізілген заттар штабқа түсірілді. Енді шетінен қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады.
Бүгін кешке дейін тұрғындар тарапынан қосымша тағы 10 тоннадай азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі деп күтіліп отыр. Жалпы бүгін мектеп, балабақшалар жұмыс істей бастайды. Кеше білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері әзірленіп, балаларды қабылдауға дайын тұр. Қазір аудандық білім бөлімінің мамандары мектептерді аралап, жағдайды көріп, бағамдап қайтпақ.