Түркістанда "жұмысқа тұрғызамын" деп елден 13 млн теңге жинап алған әйел ұсталды
Түркістан облысының полицейлері жұмысқа орналастырамын деп, 30-ға тарта тұрғынды алдаған алаяқ әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесіне бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушілердің бірін жақсы таныс емес әйел сеніміне кіріп, кез келген мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп алдаған. Алаяққа сенген тұрғын ұлы мен күйеубаласын жұмысқа тұрғызу үшін әйелге 1,5 миллион теңгеге жуық ақшасын беріп, жер сипап қалған. Қалған арызданушылардың басым бөлігінің айтуынша, алаяқ әйел “Мен мүгедек балаларды оңалту орталығын ашайын деп едім. Соған медбике, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, техникалық қызметкер етіп жұмысқа қабылдаймын, әр жұмысқа тұрудың өзіндік бағалары бар” екенін айтып, біреуінен 500 000, келесісінен 600 000, кейбірінен 350 000 теңге алып отырған.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, тұрғындарды арбауына түсірген алаяқ әйелді ұстауға қажетті шаралар жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, бес күн ішінде ұсталды. Ол Мақтаарал ауданында туылып, 15 жыл алдын Шымкент қаласына көшіп кеткен егде жастағы әйел болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай, ол осылай алаяқтық жолмен 30-ға жуық тұрғынды алдаған. Жәбірленушінің барлығына келтірілген шығын көлемі 13 миллионнан астам теңгені құрады. Күдікті кепілмен босатылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Жұмысқа тұруға ақша бергенде, алғанда заңға қайшы екенін атап өтті.