Маңғыстауда 15 жастағы қызды зорлау ісі прокуратура бақылауына алынды
15 жастағы қызды зорлау дерегінің ақ-қарасын анықтау құқық қорғау органдары басшыларының жеке бақылауында. Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық полиция департаменті және прокуратура органдарының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
2005 жылы туған А.есімді қыз баланың зорланғанын білген анасы осы жылдың 8 мамыр күні облыстық полиция департаментіне арыз түсіреді.
Шұғыл іздестіру шараларымен күдікті қолға түсті. Оған қарсы қылмыстық Кодекстің екі бірдей бабымен қылмыстық іс қозғалып отыр.
"Күдіктінің іс-әрекетіне орай ҚР қылмыстық Кодексінің 120-шы бабының 3-ші және 1-ші бабы 1,2 тармақтарымен яғни, кәмелет жасқа толмаған адамды зорлау (белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып) 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ 122-ші бабының 3-ші бөлігімен (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас не сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау - 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген). 10 мамырда тергеу сотымен күдікті тұлғаға қатысты қолданылған "Күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына екі айға санкция берілді. Қылмыстық істің сапалы және объективті тергелуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды" - деді облыс прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағанбетов.
Қазіргі таңда күдікті тұлға сот санкциясымен тергеу изоляторына қамауға алынды. Ақтау қаласының Е.есімді тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалған. Нәтижесі сотқа жолданатын болады.
Әлеуметтік желіге жалған ақпарат таратқан тұлғалар іздестірілуде.
11 мамыр күні "WhatsApp" әлеуметтік желіде жәбірленуші және қылмыс жасаған күдікті туралы анық-қанығы белгісіз мәліметтер тарап кетті.
Ал 12 мамырда аймақтық полиция департаменті ҚР қылмыстық Кодексінің 147-ші бабы 5-ші бөлігімен тергеп-тексеруді бастады. Заңның осы бабымен белгісіз тұлғалардың жеке өмiрге қолсұғушылық жасауы бойынша іс қозғалған.
"Өзіңізге мәлім, әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған қыз баланы зорлау туралы жалған мәліметтер таралуда. Бұл дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ол үшін заңмен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында. Өзге де ақпарат ҚР қылмыстық-процестік Кодексінің 201-ші бабына сәйкес тергеу аяқталғанша жарияланбайды" - дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Досжанов.
Амангелді Асқарұлының айтуынша, әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акцияларын өткізуге шақырулар таратылуда.
"Кеше, яғни 12 мамырда 5-ші шағынаудан№4-ші үй жанына бір топ жас әлеуметтік желіден естіп-білген қылмыс дерегінің мән-жайын анықтау үшін жиналып, өздерінің азаматтық пікірлерін білдіргісі келген. Олар Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізіліп, профилактикалық сұхбат жүргізілді. Бұдан соң барлығы да үйіне жіберілді. Осы орайда тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған арандату әрекеттеріне бой алдырмауын сұраймыз" - дейді А.Досжанов.
Айта кетейік, елімізде ұлттық араздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыруға заңмен тыйым салынған.
Мұндай әрекеттерге бой алдырғандар қылмыстық Кодекстің 174-ші және 274-ші баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.