Тағы бір ұры Toyota Camry 70 сатып алды
Нұр-Сұлтан тұрғынына жалданып, жүргізуші болып жұмыс істейтін ер адам өзінің жұмыс берушісінен ақша ұрлап, оған қымбат көлік сатып алды, деп хабарлайды zakon.kz.
70 жастағы Нұр-Сұлтандық зейнеткер жергілікті ЖШС директоры. Ақпан айында жүргізушісі "Хюндай Сантафе" көлігін ұрлап әкеткен екен. Ал көліктің ішінде 23 млн теңге болған. Сол күні жәбірленуші жүргізушісімен бірге банкке келіп, пәтер алу үшін депозитінен 23 млн теңге шығарып алыпты. Ақшаны барсеткаға салып, бардачокқа қойған. Сосын құрылыс компаниясының кеңсесіне көтеріліп бара жатқанда жүргізушісінің кетіп бара жатқанын байқайды. Бірден телефон шалған, жүргізуші көлікті басқа жерге қоямын деген. Содан ізін суытыпты.
Жүргізушісінің ақшамен бірге құрығанын тез түсінген зейнеткер полициядан көмек сұрады. Полицейлер көлікті бір сағаттың ішінде тапты. Бірақ барсетканы өзімен ала кеткен жүргізуші жоқ.
– Тергеу барысында 26 жастағы жүргізушінің 2017 жылы көлік ұрлағаны үшін істі болғаны анықталды. Онымен бірге тұратын әйел де кезінде ұрлық жасаған адам болып шықты, – дейді криминалды полиция департаментінің бастығы Думан Таев.
Әлгі ұры ақыры 26 мамырда Павлодарда ұсталып қалды. Toyota Camry 70 деген қымбат көлік теуіп жүр. Оны зейнеткерден ұрлаған ақшаға сатып алғанын мойындады. Ұры қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.