Қазақстанда заңсыз жүрген өзбек қызы көлік ұрлап, жол апатын жасады
Ағымдағы жылдың 1 маусымында "Toyota Camry" автокөлігін басқарған Өзбекстан Республикасының 33 жастағы азаматшасы "Алматы-Бішкек" тас жолының 43-шақырымында көлікті басқара алмай, аударылып кеткен, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған дерек ҚР ҚК 345 -1 б. 2-б. "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiру" бойынша тіркелді.
"Апат салдарынан 31 жастағы ер адам мен 23 жастағы әйел адам дене жарақаттарын алып, ауруханаға жатқызылды.Шетел азаматшасы 2017 жылдың 16 мамырында Қарасай ауданының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 7-бөлігіне сәйкес, көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Азаматшаға қатысты сот 2022 жылдың 16 мамырына дейін оның келуін шектей отырып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза қолданған.
Азаматшаның Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз болуына байланысты, бұл дерек Қарасай ауданының полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 392 б. 1 б. көзделген қылмыстық теріс қылық ретінде "ҚР Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" тіркелді. Сонымен қатар, оның айтуы бойынша өзінің басқаруындағы жол-көлік оқиғасын жасаған көлікті ҚР азаматы болып табылатын әпкесінен ұрлап, айдап әкеткен", - деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Данияр Мендебаев.
Енді азаматша ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша жауапқа тартылады.