Петропавлда өрттен 3 адам қаза тапты
2020 жылғы 7 тамызда түнгі сағат 2:30-да Петропавлдағы Щорс көшесі, 24 (Рабочий кенті) мекенжайында тұрғын ағаш үйдің жанып жатқаны туралы телефон хабары келіп түсті, деп хабарлайды zakon.kz ТЖК СҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Шақырту орнына Петропавл қаласының өрт сөндіру бөлімдері шығып, дереу өртті сөндіруге кіріскен. Өрт сөндіру бөлімшелері сағат 2:35-те келіп жеткен кезде өрт көрші үй құрылысына және көрші үйдің қабырғасына өтіп, ашық жалынмен жанып жатты. Өртті сөндіру барысында 1988 жылғы ер адамның және 2011, 2015 жылғы ұл балалардың жансыз денелері табылды.
Өрт сағат 2:55-те ауыздықталып, 3:09-да жойылды.
Өртті сөндіруге "СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ жеке құрамынан 6 бірлік техника мен 19 адам жұмылдырылды.
Өрт салдарынан үйдің шатыры, ішкі қаптамасы, үй мүлкі, шаруашылық құрылыстары толығымен жойылды, көрші үйдің қабырғасы бүлінген. Өрттің жалпы ауданы 141 шаршы метрді құрады.
Себебі мен материалдық шығыны анықталуда.
Өрт пен адам өліміне жол бермеу мақсатында СҚО ТЖ Департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін, әсіресе газ және электр жабдықтарын пайдалану кезінде елемеу қаупі туралы ескертеді. Есіңізде болсын: оларды сақтамау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін!