СҚО-да өрттен 4 адам қаза тапты
СҚО-да 4 адам өрттен қаза тапты. Қайғылы оқиға кеше Мамлют және Айыртау аудандарында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәуірдің 21 күні кешкі тоғыздар шамасында Мамлют ауданындағы Скачков көшесіндегі тұрғын үйден өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде баспана отқа оранып үлгеріпті. Көршілерінің айтуынша, үй ішінде адамдар болған.
Өрт сөндірушілер үш адамның: 42 жастағы үй иесі және 49 жастағы ер адамдардың, 36 жастағы келіншектің денесін алып шықты. Шамамен екі сағаттың ішінде өрт толығымен сөндірілді.
Мамандардың айтуынша, өрт - 70 шаршы метр аумақты шарпыды, салдарынан үйдің шатыры, төбесі бүлінді, жиһаздарға зақым келген. Өрттің шығу себептері мен келген шығын мөлшері анықталып жатыр.
Ал, Айыртау ауданындағы Лавровка елдімекенінде "Лавровка" ЖШС-нің аумағында орналасқан күзетшінің үйі өрттеніп кетті. Екі шаршы метр аумақта шыққан өртті серіктестік өз күшімен сөндірді. Оқиға орнынан 56 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Мамандардың айтуынша, пештің шоғы еденге түсіп, өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.