Алматы облысында жүк пойызынан 200-ге жуық ноутбук тонағандар ұсталды
Көлік полициясы басқармасының ізкесушілері жүк пойызы вагондарын тонауға маманданған және жалпы құны 15 миллион теңгеден асатын барлығы 200-ге жуық ноутбук ұрлаған қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды zakon.kz.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сегіз ай бойына тынымсыз жұмыс жүргізіп, төрт адамнан тұратын қылмыстық топты анықтап, ұстады.
- Ұсталғандардың барлығы - Алматы облысының тұрғындары. Бұл қылмыстық топ ҚХР-дан Алматыға бара жатқан жүк пойызының контейнерлерінен жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңгені құрайтын 196 ноутбукты ұрлаған, деп мәлімдеді департамент бастығы Оңал Бекиев.
Олар Сарыөзек-Қапшағай учаскесінде екі жылдан бері, яғни 2018 -2019 жылдары ноутбук ұрлап келген. Олар қай вагонда қандай тауар барын алдын ала біліп, тонауға дайындалған. Бұл ақпаратты Достық станциясында жүк вагондарына қызмет көрсететін ұйымның қызметкері болып табылатын осы қылмыстық топтың мүшесінің бірі жеткізіп отырған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер кінәлі деп танылды. Олар кінәсін мойындады.
- 2020 жылдың 27 тамызында Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының үкімімен жоғарыда аталған адамдар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оларға шартты түрде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - дейді полиция полковнигі.
Департаменттің баспасөз қызметі биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Көлік полициясы департаментінің жүк пойыздары вагондарындағы ұрлық фактілерін ашу пайызы 90,0% (2019 ж. - 62,5%) құрайды, осылайша қылмыстың ашылу пайызы 27,5 процентке жақсарған.