Алматы әуежайында жалған ПТР-тест құжатын көрсеткен бір топ жолаушы ұсталды
Алматы тұрғындары арасында жалған ПТР-тест анықтамасын қолданғандар әлі де анықталып қалып жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жалған ПТР-тес құжатын қолдану фактісі бойынша сегіз алматылық анықталды.
Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Сарықұл Жоланов мәлім етті.
Биылғы жылдың 30 шілдесінде Алматы халықаралық әуежайында көліктегі полиция қала әуежайының жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін қызметкерлермен бірге ПТР-тест бойынша жалған анықтамасы бар адамдарды анықтап, ұстады, - деді Жоланов.
Ұсталғандардың барлығы жеке бір фирманың қызметкерлері, оларға жақсы еңбегіне бонус ретінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубайға жолдама берілген.
ПТР-тесттер онлайн режимінде сатып алынды.
Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385 -бабы, 3-бөлігі (Біле тұра жалған құжат қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - дейді полиция полковнигі.
Көліктегі полиция бұл 2021 жылы Алматы әуежайында болған он бірінші факт екенін атап өтті.
Жалған вакциналау төлқұжатын қолданғаны үшін заң бұзушыға 160 АЕК -ке дейін (шамамен 467 мың теңге) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары тағайындалады немесе кінәлі 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.