Боралдайда жоғалып кеткен 16 жастағы бойжеткен танысының үйінен табылды
Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінде Алматы облысы ПД Іле АПБ кезекші бөліміне Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің 38 жастағы тұрғыны дүкенге кеткен 16 жастағы қызының оралмағаны туралы арызданған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған деректі тіркеген полицейлер із-түзсіз жоғалған азаматшаны бірден іздестіруге кірісті.
Түрлі нұсқалар пысықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қыздың өгей әкесімен және анасымен бірге тұрғанын анықтады. Отбасындағы қарым-қатынас жақсылардың қатарынан емес. Қыз бұрын да үйден кетіп қалған. Ата-анасы жасөспірімнің тәрбиесіне немқұрайлы қараған. Ұйымдасқан іздеу шараларына криминалдық, ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен еріктілер қатысты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғалған жасөспірім 15 қыркүйекте Тілендиев кентінің аумағында танысының үйінен табылды. Бойжеткен аман-есен, профилактикалық әңгімелесуден кейін ата-анасына табысталды.
Аталған дерек негізінде тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі және 127-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Іс ата-ана құқықтарынан айыру және кәмелетке толмағанды арнайы оқу орнына жіберу туралы мәселелерді шешу үшін Қаскелең қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.