Алматы облысында құрылысы аяқталмаған спорт кешені қирап тынды
Алматы облысының Шонжы ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып бітпей жатып, қирап қалды, деп хабарлайды zakon.kz "Хабар 24-ке" сілтеме жасап.
Ұйғыр ауданындағы нысанның құрылысы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында басталған екен. Жоспар бойынша спорт кешені 2021 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс еді. "Лидер НК" мердігер компаниясы салып жатқан нысанның жалпы құны – 1 млрд 171 млн теңге. Бірақ бюджет ақшасына бой көтеруі тиіс ғимараттың бітпей жатып, шатыры құлады.
"Оның себеп-салдары әлі белгісіз", – дейді құзыретті орган өкілдері. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмастары жүргізіліп жатыр.
Еркебұлан Усманбаев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– Кеше шамамен күндізгі 12:00-де дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде үшінші блоктың төбесі, шатыры құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияның қорытындысына сәйкес не себептен бұлай болғандығы қосымша айтылатын болады.