Ақмола облысында ауыр қылмыс үшін іздеуде жүрген ресейлік ұстады
Ағымдағы жылдың 12-14 қазаны аралығында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері "Қаңғыбас" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Іс-шараның мақсаты белгілі бір тұрғылықты мекен жайы, құжаттары жоқ және қаңғыбастықпен айналысатын адамдар арасындағы қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ қылмыскерлерді іздеуге бағытталған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев айтты.
Оның айтуынша, көлік полицейлері жолаушылар пойыздарында, вокзалдарда, парктер мен перрондарда тексеру жұмыстарын жүргізді .
13 қазан күні Департаменттің криминалдық полициясы қызметкерлері аталған іс-шараны өткізу барысында Ақмола облысы Щучинск қаласының теміржол вокзалы ауданында Ресей Федерациясының 49 жастағы азаматын анықтап, ұстады.
Аталған азамат өткен жылдың қыркүйек айынан бері Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 159-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде болғандығы анықталды. Қазір оған қатысты "ешқайда кетпеу" туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.
Сол күні Нұр-сұлтан қаласында ұрлық жасағандары үшін 26 және 33 жастағы тағы екі азамат ұсталды.
О. Бекеев жедел алдын алу іс-шарасы аясында белгілі тұрғылықты жері жоқ 243 адамның дактилоскопиялық есепке қойылғанын айтты.
"Мұндай шаралар адамның қылмыс жасауға ықтимал қатыстылығын, адамның іздеуде жүргенін анықтауға мүмкіндік береді", - дейді полиция полковнигі.
"Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында іздестіріліп жатқан 6, оның ішінде ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілген 3 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен 1 адам анықталды", - деді ол.