Елордадағы жантүршігерлік оқиға куәгерлері: Дәмханадан қансыраған адамдар жүгіріп шықты...
Елордалықтарды селт еткізген кафедегі жарылысқа куә болған адамдар өз көзімен көргендерін айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Елордадағы дәмхананың бірінде газ баллоны жарылып, одан 30-дан астам адам зардап шекті. Апаттан қаза болғандар мен ауыр жарақат алғандар да бар. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлім етті. Айтуларынша, ауруханаға 24 адам жеткізілген. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал, қаза тапқан әйел сол дәмхананың қызметкері екен.
Жергілікті тұрғындар өткен сенбіде қорқынышты апаттың куәгері болды. Дәмханада газ баллоны жарылып, адамдар қиранды астында қалған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, жақын маңдағы үйлердің терезесінің әйнегі шытынап кеткен. Ал кафеден жүгіріп шыққандар көрші гүл сататын дүкенге бас қойған. Оларға сол арада алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келген. Оқиға кезінде кафеде қонақтар болмаған, тек жұмысшылар ғана...
Нұржайнар, КУӘГЕР:
- Бұл өте қорқынышты болды, біз алдымен ештеңе түсінбедік. Дәмханадан қансыраған адамдар жүгіріп шықты. Олардың мұндай күйін көру өте қорқынышты.
Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
- Науқастар түрлі дәрежедегі күйіктермен, ауырлығы орташа дәрежедегі улы газбен улану және поли-травмамен ауруханаға жатқызылды. Бір науқас травматология бөлімінде жатыр. Үш науқастың хәлі ауыр. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты.
Ал, төтенше жағдайлар департаменті мамандары жарылыстың нақты себебін атамады. Арнайы сарапатама жүргізіліп жатыр,- деді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құтқарушылардың айтуынша, жарылыс болған жерден 35 газ баллоны шығарылыпты. Бұл қауіпсіздік нормаларына қайшы, дейді құтқарушылар.
Еркін ОТАРҒАЛЫМҰЛЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ТЖ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
- Жарылысқа айланысты тексеріс жүріп жатыр. Дегенмен дәмхана басшылығы тарапынан қауіпсіздік ережелері сақталмаған жайттар анықталды. Толық ақпарат зерттеу нәтижелері анықталғаннан соң белгілі болады.
Қайғылы жайттан дәмхана қызметкері қаза тапты. Қайтыс болған әйелдің туыстарына қала әкімдігі 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетпек.