Шариғат. Шымкенттегі зираттағы марқұмдардың суреттері өшірілді
Шымкентте зират басындағы белгі тастар аяқ астынан өзгертіле бастады. Құлпытасқа қашап салынған марқұмдардың суреттерін әлдекімдер әдейі қырып, өшіріп тастаған. Мұндай соралықты күтпеген жұрт полицияға шағым түсіріп жатыр. Тәртіп сақшылары кінәлілерге қатысты "өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Әзірге, құлпытасты осы жердің шырақшысы бүлдіргенін мойындап отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Нұрия Ғабдуллинаның мұсылмандар зиратында анасы мен қос бауыры және ата-әжесі жатыр. Әрқайысы әр жылдары өмірден өткен. Жақын туыстарының жарқын бейнесін мәңгілік есте сақтау үшін әрбірінің басына аты-жөні мен суреттерін тасқа қашап, құлпытас орнатқан. Жыл сайын осында әруақтардың рухына арнап құран бағыштап қайтады. Айтуынша, анасының бейітіне орнатылған қоршауды былтыр біреулер рұқсатсыз алып тастапты. Енді жуырда келсе, белгі тастағы марқұмдардың суреттерін қашап, өшіріп кеткен.
Нұрия Ғабдуллина, қала тұрғыны:
Осы жерге келгенімде, сұмдық жәйтті көріп, естен танып құлап қала жаздадым. Суреттерді өшіріп тастапты. Сұмдық қой. Дереу полиция шақырттық. Арыз жаздық. Мәселе онда емес. Қайтыс болған ата-бабамыздың бейнесін есте сақтауымыз қажет.
Полиция осы іске байланысты "өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Әзірге, бұл қылмысты бейіттің шырақшысы өз мойнына алып отыр. Юлдашбай Расулметовтың сөзінше, құлпытасқа марқұмның бейнесін салу ислам шарттарына қайшы келеді. Сол үшін осында жерленгендердің туыстары ақылдаса келе, суреттерді бірауыздан алып тастау жөнінде келісімге келген. Сөйтіп, әркім, өз туысының бейнесін тастан қашап алып тастаған.
Юлдашбай Расулметов, шырақшы:
Енді шариатымызда айтылады, сурет бар жерде, ит бар жерде періште келмейді дейді. Үйде құдайы тамақ істейді ме, құран оқып, молдаларға бағыштатады ма, сол жетіп бармайды. Сол періште болмаған жайда, не болады жын-шайтандар болады. Енді оны түсіне қалса екен елдің бәрі.
Осы күні адам бейнесінің орнына құран сүрелері жазылған тақтайшаны орнатып жатыр екен.
Молдалар біраз насихат айтып, осыны түсіндірген соң, суретін өшіріп, орнына мынандай кітап көшірмелерін орнатты. Арқасынан бұралып қойылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі өліге құрмет көрсету, жаназа және жерлеу рәсімдерінің біріңғай жүйесін әзірлепті. Онда қабірдің үстіне зәулім күмбез тұрғызу міндетті емес екендігі, қайтыс болған жанның атынан берілетін садақа дастарханын жасауда ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі секілді әртүрлі амал жолдары қамтылған. Осыған орай, адамды жерлеу салттары да шариғат қағидаларына сәйкес келуі керек, дейді имамдар.
Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары:
Құлыптас қою әрине, бар нәрсе. Бірақ, құлыптас қойған кезде шариғаттың нормативтеріне сәйкес қою. Жаңағы-аты жөнін жазып қою. Тұлғаның туған күні мен қайтыс болған күндерін жазуға болады екен. Бірақ, адамның суретін салуға болмайды. Әр адамның өзінің құқығы бар. Адамның ар-намысы бар дейміз. Сондықтан, үй егелері мақұл деп жатқан болатын болса, бұрын сурет салып қойған болатын болса, оны келісім түрде ғана алып тастауға болады.
Айтпақшы, зират шырақшысы бұған дейін марқұмның бейнесін туыстарының келісімінсіз алып тастағаны үшін өз есебінен қайта қалпына келтіріп беріпті. Егер Ғабдуллиндер әулеті дәл осылай талап қоятын болса, амал жоқ, орындауға әзірмін дейді. Ал, Нұрия Ғабдуллина болса, кінәлі тұлғаны жауапқа тартпай қайтпаймын деп отыр.