Алматыда теміржол вокзалы сейфінен 1 млн теңге ұрланды
Көліктегі полиция қызметкерлері "Жолаушылар тасымалы" АҚ филиалы сейфінен 1 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды zakon.kz.
Көліктегі ПД баспасөз қызметі ірі ұрлықтың бетін ашқандарын хабарлады.
"Алматы-1" теміржол станциясының қызметкері желілік полиция бөліміне "Жолаушылар тасымалы" АҚ филиалына тиесілі кассасына біреу кіріп, сейфтен ақша ұрлап кеткенін жеткізіп, арызданды.
Осы фактіге сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлімінің 3-тармағы (Тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы облысының 27 жастағы күдікті тұрғыны анықталды.
Тексеру барысында күдікті арматурамен терезенің жақтауын бұзып, бөлмеге кіріп, сол жердегі темір сейфті ашып, шамамен 1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты ұрлап кеткені анықталды. Сондай-ақ, бұл қылмысты жасау үшін ер адам кассирмен алдын-ала достық қарым-қатынас орнатып, оның жұмыс орны туралы егжей-тегжейлі біліп алғаны анықталды. Алматы қаласы Жетісу ауданының No2 аудандық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп хабарлады Көліктегі ПД.