Алматыда кісі өлтірді деп күдікке алынған әккі қарақшылар ұсталды
2021 жылғы 18 ақпанда ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті полициямен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа (ТҰҚТ) қатысушылар әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, үш ер адам ұсталды, олардың екеуі Тәжікстан және біреуі Грузия азаматы, олар қала кәсіпкерлеріне қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға дайындалу кезінде ұсталды.
Қылмыстық ниеттерін іске асыру үшін ТҰҚТ мүшелері Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, ҚР аумағында астыртын болған.
Айта кету керек, 2019 жылы топ мүшелерінің бірі Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан жауапқа тартылып, елден шығарылған болатын.
Ұсталғандар бұрын бірнеше мәрте сотталған және "ұрылар қауымдастығының" әрекетіне қатыстары болған.Олардың бірі қосарлы кісі өлтіру бойынша жазасын Ресейде өтеген. Екеуінің қылмыстық ортада "ұмтылушылар" ("заңдағы ұрыларға" кандидаттар) мәртебесі бар және "заңдағы ұрылар" Азиз Батукаевпен ("Азиз"), Дэвид Герлианимен ("Дато Сван", 2017 жылы ҰҚК жауапқа тартқан) және басқалармен байланыста болған.Ұстау барысында 2 жауынгерлік тапанша, 1 келте мылтық, оларға оқ-дәрілер, бірнеше суық қару және басқа да қару-жарақ пен қылмыс жасау құралдары табылып, алынды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК.
Топқа қатысушылар Алматы қаласында тәжік диаспорасының кәсіпкерлеріне тиесілі ломбардтарға, айырбастау пункттері мен тұрғын үйлерге бірқатар қарақшылық шабуыл жасау және ұрлау үшін тұрақты қылмыстық топ құруды, сондай-ақ олардан тұрақты негізде ақшалай қаражат алу үшін оларды "қамқорлыққа алуды" реттеп қоюды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі (қаруды заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР ҚК 392-бабы (Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде, деп атап өтті құзырлы ведомствадағылар.
Істің өзге де мән-жайларын анықтау, сондай-ақ аталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру жөніндегі жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.