Сот қамаудағы "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысын босатудан бас тартты
Нұр-Сұлтанда "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріптің соты өтіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Алдын ала сот тыңдалымында сотталушының адвокаттары Шәріптің қамауға алынуын жеңілдетілген бұлтартпау шарасымен ауыстыру туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Тура бір аптадан кейін сотқа дейінгі тергеу ешқандай заңды негізсіз басталды. Кейіннен, іс материалдарынан байқалып тұрғандай, қылмыстық қудалау органдары мемлекеттік органдарға жүгіне отырып, тергеу барысы Президент әкімшілігінің бақылауында болғандығын алға тартқан. Бұдан шығатыны, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастапқыда "СК-Фармация" басшылығына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша сотқа дейінгі істі негізсіз қолға алған. Жеткілікті және сенімді негіздер болмаса да Президент Әкімшілігіне "СК-Фармация" басшылығының қандай да бір қылмыстық әрекеттері медицина қызметкерлерінің коронавирусты жаппай жұқтыруына, медициналық мекемелердің қалыпты жұмысын бұзуға әкеліп соқты деп ақпарат берілген, - деді адвокат Ардақ Балпықов.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары қасақана негізсіз айыппен сотқа дейінгі тергеуді бастап кеткен.
Берік Шәріп өзін босату туралы талап-арызды қолдады.
Мен барлық тергеу шараларына қатыстым, ештеңені жасыруға тырысқан жоқпын, өйткені мен өзімнің кінәсіз екеніме сенімдімін. Сізден осы талап-арызды қолдап, қамаудан босатуыңызды сұраймын, - деді ол сотта.
Алайда, Нұр-Сұлтан қалалық Есіл ауданының No2 аудандық сотының судьясы өтінішті қанағаттандырмады.
Шәріп жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Бұлтартпау шарасын таңдау кезінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 136 және 147-баптарының нормаларының талаптары ескерілді, қамауда ұстаудың максималды мерзімі әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты, қазіргі кезеңде бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ, - деді судья.
СК-Фармацияның бұрынғы басшысы Берік Шәріп 2020 жылы тамызда ұсталған. 2021 жылы қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның 8 миллиард теңгенің келісімшартын орындамады деген күдікке ілінгенін хабарлады.