Түркістан облысында алаяқ банк қызметкері үш жарым жылға сотталды
Түркістан облысында 11 несие алушыны алдаған банк қызметкері үш жыл үш айға сотталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Polisia.kz мәліметі бойынша, Түлкібас аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Олар банктен несие алып, сол несиелерін бірнеше жылдан кейін өтеп болған сәтте қайтадан қарыз болып шыққанын айтқан.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғынын және бұрынғы банк қызметкерін ұстады.
Жедел шараларды атқарған полиция қызметкерлері қылмыстық істі толығымен ашып, кінәліні құрықтау үшін екі ай бойы іс-шараларды жоғары деңгейде атқарды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Түлкібас АПБ-нің тергеушісі күдіктінің 2018-2019 жылдар аралығында аудандағы белгілі бір банктың филиалында менеджер болып қызмет атқарып, несие алуға келген тұрғындарға несие рәсімдеу кезінде алаяқтық жасағанын анықтады. Яғни күдікті жігіт заң аясында несие алу үшін түзілетін бір келісімшарттың орнына екеуін қолдан жасап, бірінде тұрғынға арналған соманы, ал екіншісінде тұрғынның алатын несиесінің үстінен өзіне керекті қаржыны қосып көрсетіп, өзінің айласын іске асырған.
Бұл жайтты тұрғындар несиелерін төлеп біткен сәтте білген. Себебі қарыздан құтылдық деп есептеген тұрғындарға, банктен қайтадан несие әлі жабылмады, қарызыңыз бар деген хабарлама келген. Полицейлердің қырағылығының арқасында алаяқтық жасаған банк қызметкерінің жалпы 11 тұрғынды осылай алдағаны, шығын көлемі 8 миллион теңгеге жуық соманы құрағаны расталды. Ал істің ақ-қарасын ажыратып, тергеуді тиянақты жүргізген Түлкібас АПБ тергеушісі Азамат Сапаров алғашқыда күдікті жауаптан жалтарып, кейіннен Алматыда орналасқан банктің бас ғимараты арқылы келісімшарттарды алдырып, оны сараптамаға жолдап, қортындысы бойынша күдіктінің қолтаңбасы екені белгілі болған соң барып, кінәсін толық мойындағанын айтты.
Осылайша қылмыстық іс аудандық сотқа жолданып, сот үкімімен 30 жастағы ер азамат, яғни Шымкент қаласының тұрғыны, бұрынғы банк қызметкері болған күдікті үш жыл үш айға бас бостандығынан айырылды.