Павлодарда салынып жатқан жаңа үйдің жартысы құлап түсті
Павлодар қаласында Торайғыров көшесі, 75/3 мекенжайында құрылысы басталған төрт қабатты үйдің бір бөлігі құлады, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс орталығындағы бұл аумақта бұған дейін автотұрақ болған еді. 2020 жылдың қазан айында павлодарлық бұл жерді Қарағанды облысының тұрғынынан сатып алып, жерді пайдалану мақсатын өзгертті. Атап айтқанда, бұл аумаққа көпқабатты үй салмақ болды. Жоспар бойынша, төрт қабатты баспананың әр қабатында үш пәтер, аулада балалардың ойын алаңы, демалыс аумағы болуы тиіс. "Мурза Строй" ЖШС дайындаған жобаны Павлодар қаласының әкімдігі қолдады. Мердігер компания – "Элит Сервис Плюс" ЖШС наурыз айында құрылыс жұмыстарын бастады. Ал осы жылдың шілде айында, яғни бір айдан соң ол пайдалануға берілуге тиіс еді.
Алайда кеше сағат 19:39-да төтенше жағдайлар қызметінің пультіне салынып жатқан үйдің бір жақ қабырғасы құлап түскені туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен 12 құтқарушы құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген үш адамды құтқарды. Олардың барлығы – Өзбекстан Республикасының азаматтары.
34 жасар және 25 жасар ер адамдардың бас ми сүйегі жарақаттанып, миы шайқалған. 28 жасар жұмысшының бел омыртқасы сынған. Олардың барлығы №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, – деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Алдын ала болжам бойынша, нысанның құлауына қабаттар арасындағы плиталардың дұрыс салынбауы себеп болған. Жобаға сәйкес, қабаттарды бөлу үшін темірбетонды панельдер қолданылуы тиіс. Олардың не себепті шыдас бермегенін құзырлы органдар тексереді. Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 277-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Еңбек басқармасы да қызметтік тексеріс жүргізеді.
Ажар Дәулетова