Суицид жасаған полицей басшылықты айыптап видеоүндеу қалдырған
Осыдан үш күн бұрын полицей Аспандияр Айтқазинов Павлодар облысының Ақсу қаласындағы полиция бөлімінің гаражында суицид жасаған еді. Марқұмның әріптестері қайғылы оқиғаның жай-жапсарын тергеуді бастаған. Бірақ, көз жұмған жанның туыстары Аспандиярды суцицидке жұмыстастары итермелеген деп отыр. Өйткені, полиция қызметіне 20 жылдан астам ғұмырын арнаған азаматқа жыл басынан бері облыстық және қалалық деңгейдегі полиция басшылығы қоқан-лоқы мен қысым көрсеткен көрінеді. Бұл туралы марқұм өз телефонына видео да қалдырыпты.
Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлады.
Әсемгүл Айтқазина, марқұмның туысы:
Қайғылы оқиға болғаннан кейін біз оның телефонын аштық. Онда біз видеоны таптық. Оның ішінде Аспандияр барлығынан кешірім сұрап, егер маған бірдеңе болса, бұған полиция подполковнигі Капаров Балғабайды кінәлаңдар дегенді келтірген.
Артында үш баласы жетім қалған полицейдің бұл видеосы қазір тергеушілердің қолында екен. Туыстары дәлел болатын бейнежазбаны мамандар әдейі жойып жібереме деп қорқады. Сондықтан бұл істің ақ-қарасын толықтай анықтау үшін Мемлекет басшысына үндеу жасады.
Мейрамгүл Айтқазина, марқұмның әйелі:
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге тек Президент ретінде емес, сондай-ақ әр азаматтың конституциялық құқығының кепілі ретінде де үндеу жасаудамын. Сізден менің күйеуімнің өліміне қатысты барлық жайтты анықтауға көмектесуіңізді сұраймын.