Атырауда мешіттің төрт көлігін сатып жіберген бас имам түсінік берді
Тағайындалғанына екі жыл болған Атыраудың бас имамына қатысты желіде жайсыз хабар тарады. Желдей ескен бейресми дерекке сүйенсек, ол мешіттің мүлкін талан-таражға салған, мешітке тиесілі қызметтік пәтерді менсінбей, орталықтан үй жалдап тұрады, оған қоса қызметтік төрт көлікті сатып жіберген көрінеді, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
40 жастағы Алтынбек Ұтысханның аймақ бас имамы қызметіне тағайындалғанына екі жыл болған. Соңғы кезде оған қатысты әлеуметті әртүрлі ойға жетелеген жазбалар желіде қауырт болып тұр. Қазірдің өзінде "Иманғали мешітінің төрт автомашинасы: "Ford Mondeo", "Прадо" джип көлігі, жолаушылар таситын "Газель" және қорабы тентпен жабылған "Газель" сатылып кетті. Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр. Алтынбек Ұтысханның қандай және қанша сомаға үй сатып алатыны белгісіз. Оған мешіт мүлкінің сатылымынан түскен ақшасы жетпеуі мүмкін. Жағдайды білмек болғанымызбен, бас имам қалада жоқ екен. Денсаулығына байланысты астанаға кетіпті. Ал қызметтік көлігі орнында. Наиб имамның айтуынша, мешітке тиесілі төрт көліктің сатылып кеткені рас болып шықты.
Арман ИСАЕВ, АТЫРАУ қ. "ИМАНҒАЛИ" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:
Сатты деген көліктер олар әбден тозығы жеткен көліктер. Былтырғы жылы сатылды. 2020 жылы. Барлығы құны 11 млн-дай болды. Былтыр алты имамымызға қызметтік пәтер дайындағанбыз, солардың шаруашылығына және мешіттерге бейнекамералар орнатылған соларға және ішкі коммуналдық шығындарға сол қаржылар жұмсалды.
Қаладағы қымбат мөлтекаудандарының бірінен Бас имамға арналып, қызметтік 4 бөлмелі пәтер сатып алынған. 4 көліктің бірінен түскен 9 млн теңгеге өңір кәсіпкерінің бірі ақша қосқан. Оны телефонмен берген сұхбатында Алтынбек Ұтысханның өзі айтты. Оның айтуынша, бұған дейін орталық мешітке тиесілі қызметтік пәтер болмаған.
Алтынбек ҰТЫСХАН, АТЫРАУ қ. "ИМАНҒАЛИ" МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:
Басқа адам келген кезде бас ауырып жүрмеу керек. Ол өзінің мешіттің қызметтік үйі болу керек. Ол жерде ремонт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны Алла қаласа құжаттарын көрсете аламын. Бұл жала деп есептеймін. Ол жерде айтылған мәселеге нақты дәлелдермен келтіріп біз айта аламыз. Оның барлығы заңды тұрғыда бар.
Астына мініп жүрген жол толғамайтын көлігін, облыстың бұрынғы әкімі мешітке сыйға тартқанын жеткізді. Бас мүфти бастаған делегацияның Атырау сапарына да, мешіттен бір тиын шығын шықпады,- дейді бас имам. Жұмсалған 2 млн 400 мың теңгені де аймақ кәсіпкерлері көтеріп алыпты. Әлеуметтің жазбадағы ақпараттарына қатысты мешіт заңгерлері қазір жұмысты бастап кеткен. Олар жалған ақпарат таратқан авторды іздестіріп жатыр. Табылған жағдайда құзырлы органдарға ұсыну, не ұсынбау жағын әлі шешпепті.