Шымкентте қоқыс жәшігінен жаңа туылған шақалақтың денесі табылды
Шақалақтың өлі денесі Шымкенттегі Рысқұлов көшесінің бойындағы қоқыс жәшігінен табылды. Таңғы сағат жеті шамасында қоқысты тиеп әкетуге келген жұмысшылардың бірі өзгеше пакетті байқап, оны ашқанда кіндігі де кесілмеген, қаны да жуылмаған ұл баланы көріп абдырап қалған, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Ержан Байтасов, қоқыс жинаушы:
Мына күректі тыққан едім, кірмей қалды да. Алып қарасам, қара пакетті ашып, ішінде мата бар екен, матаны ашсам, шақалақ! Қорыққанымнан жоғарыға лақтырып жібердім. Кейін көкеме айттым, "шақалақ" дедім. Кейін секіріп шықтым да, алсам – шақалақ екен. Кәдімгі бүтін, шашы, бәрі бар, аузы ашық, қып-қызыл. Мына жері жарылған екен баланың.
Шошып қалған қоқыс тазалаушылар бірден полицейлерді шақырған. Дереу жеткен тәртіп сақшылары матаға оралған мүрдені тексеруге әкетті. Бала табылған қоқыс контейнері осындағы тойхана мен дүкенге тиесілі. Дүкен мен дәмхана сыртына бірнеше камера ілінген. Тіпті қоқыс контейнерінің арт жағында да камералар бар.
Қоқыс жәшігі маңындағы мейрамханада кеше үш бірдей банкет болған екен. Яғни мұнда келушілердің де, қоқыс жәшігіне қалдық тастағандардың да қарасы қалың болған. Енді полицейлер осы маңға ілінген бейнебақылау камерасы арқылы қалдық тастағандарды анықтап, видеоны жіті зерттеп шығуы тиіс.
Полицейлер жақын маңдағы бейнебақылау камераларына түскендердің барлығын қайталап қарап шығуда. Қазір жаға ұстатқан жәйт бойынша "жаңа туған баласын анасының өлтіру" бабымен іс қозғалды.
Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласы ПД баспасөз хатшысы:
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 100-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Полицейлер әзірге шарананы қоқысқа тастаған адамның атын-жөнін анықтауда. Егер баласын қоқыс контейнеріне тастаған анасы табылса, безбүйрек әйел 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.