Саунадағы төбелес кісі өлімімен аяқталды
Түркістан облысында саунадағы жаппай төбелес салдарынан ер адам қайтыс болды. Марқұмның туыстары мекеме күзетшілерін өздері жазаламақ болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күдіктінің әлі күнге дейін бостандықта екенін білген туыстары жиналып күдіктінің жұмыс орнына келді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға бір апта бұрын болған. Көз жұмған жігіт достарымен демалуға келген. Үш ер адам мен мекеменің күзетшісі арасында кикілжің басталып, ол төбелеске ұласты.
Нәтижесінде 27 жастағы Еламан Мәліков қайтыс болды.
– Біз сыртқа шықсақ, күзетшімен бірге бір топ адам күтіп алды. Әрқайсымызға үш-төрт жігіттен келді. Қатты соққыдан есімнен танып қалдым, – деді төбелестен зардап шеккендердің бірі Болат Құдайбергенов.
Жаппай төбелеске қатысушылардың айтуынша, күзет қызметкерлері қатыгездік танытқан. Олар жерге құлаған 27 жастағы Еламан Мәліковті тепкілеп, басына секіргенін айтты. Кейін ол қайтыс болды.
Туыстары кісі өлтірді деген күдіктінің әлі де бостандықта екенін біліп, мәселенің түйткілін өздері анықтауға шешім қабылдайды. Сонымен қатар, зардап шегуші тарап жаппай төбелес үшін бір адамның ғана үстінен қылмыстық іс қозғалғанына наразы.
– Бұл сауна әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының бастығы Қарабаевқа тиесілі. Сондықтан Сайрам аудандық полициясына қысым жасалған болуы мүмкін. Полиция ешқандай жұмыс істеген жоқ. Бір топ адамның аса қатыгездікпен жасаған қылмысына бір адам ғана ұсталды! Ал Сайрам аудандық Сотының судьясы күдіктіні үйқамаққа жіберді, – деді марқұмның ағасы Айкен Мәліков.
Кейін судья әлеуметтік желілерде күдіктінің неге әлі бостандықта жүргені туралы түсінік берді.
Сот күдіктінің кінәсін мойындағанын, сондай-ақ оның тұрғылықты жері анықталып, оған үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылғанын жеткізді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - деп жазды Сайрам аудандық Сотының судьясы Дина Тойжанова.
Саунаға келген туыстарына есікті ешкім ашпады. Марқұмның туыстары істің ерекше қаралуын, сондай-ақ прокуратура тарапынан сот талқылауын бақылауды талап ететіндерін айтты.
Бақытжан Отарбаева