Талғарда жекеменшік балабақшада бүлдіршін көз жұмды
Қайғылы оқиға Талғардың жекеменшік мектепке дейінгі білім беретін "Бүлдіршін" мекемесінде орын алды. Сот-медициналық сараптама 4 жасар баланың өңешіне домалақ зат кептеліп қалғанын анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алайда мекеме қызметкерлері мұны білмеген. Тіпті мұндай майда ойыншықтың балабақшаға қайдан келгенін ата-аналар да, мекеме жұмысшылары да білмей дал. 100 балаға шақталған мекеменің жұмысы қазір уақытша тоқтатылды, делінеді "Еуразия " бірінші арнасының жаңалықтарында.
Балабақша меңгерушісінің айтуынша, қайғылы оқиға түстен кейін орын алыпты. Тамақтарын ішкен балалар ұйқыға кеткенде үш бала ерте оянып, ойнап отырыпты. Сол кезде біреуі есінен танып құлап қалған.
Тәрбиешісі үшеуінің ойнап отырғанын көрген. Қайтадан балаларды шетінен тұрғызуға барғанында да олар отырған. Бір уақытта "апай" деп басқа бала шақырыпты тәрбиешіні. Барса жаңағыдай жағдай болып жатыр дейді. Бірдеңе жұтты деген онда ой болмаған. Ақмарал Әуесбекова, "Бүлдіршін" балабақшасының меңгерушісі
Балабақша басшылығы бірден жедел жәрдемді шақырып, ата-анасына хабарлапты. Ал қайғыдан жүрегі қас айырылған марқұм қыздың әкесі баласының өліміне ешкімді кінәламайтынын айтты. Құзырлы органдарға тапсырдық, қандай шешім қабылдаса, солай болады деп отыр.
Үйден ойыншық алып барған жоқпыз. Бізде ондай ойыншық жоқ. Бала өзімен алып келсін, алып келмесін, таңертең кеткен бала түстен кейін оны аузына салатындай уақыты келмейді ғой, күні бойы жүретін нәрсе емес ол бәрібір. Жарас, марқұм баланың әкесі
Ал полиция баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының қолға алынғанын жеткізді. Бүлдіршін тамағына қатты заттың тұрып қалуынан мерт болғаны айтылады.
4 жасар қыздың өліміне қатысты ҚР ҚК 141-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде баланың тамағынан қатты пластмасса зат табылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әбілтай Әбенов, облыстық ПД баспасөз қызметінің инспекторы
Қайғылы жағдай болған топтың тәрбиешісі өткен жылы өзге балабақшадан ауысып келген жас маман екен. Ата-аналар ол өз ісіне жауапты болғанын айтады. Егер оның кінәсі дәлелденетін болса, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 100 балаға шақталған мекеменің жұмысы қазір уақытша тоқтатылған.