Қызылорда облысында жылқы ұрлап, етін сатқан қылмыстық топ құрықталды
Polisia.kz порталының ақпараты бойынша, 15 желтоқсан Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны мал ұрлығы бойынша аудандық полиция бөліміне арызданған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, үш бас жылқыны ұрлап, етін Қазалы ауданы мен Төретам кенті, Ақай елді мекенінің тұрғындарына сатқан қылмыстық топ ұсталды.
Олар Қазалы ауданы мен Ақай ауылының тұрғындары болып шықты. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-1-бабы 1-бөлігімен (мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Қазалы ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айғақ зат ретінде бір дана 16-шы калибрлі аңшы мылтығы, ет өнімдері және УАЗ-3163 Patriot автокөлігі тәркіленді.