"Апортты" тонаған ұры Кербұлақта ұсталды
Сурет: Алматы облысы ПД
Кербұлақ ауданының полициясы Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде дүкен тонаған тұрғынды анықтап, айғақ заттарды тәркіледі, деп хабарлайды Zakon.kz
Жедел іздестіру шаралары барысында Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері қаңтар айының басында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде дүкендерге шабуыл жасап, өзгенің мүлкін заңсыз иеленген күдіктіні Қаспан ауылынан құрықтады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің мекенжайынан 5 дана телефон, планшет, бірнеше қол сағат, құлаққаптар, микрофлешкалар мен «Билайн» абонеттерінің нөмірлері табылды. Табылған заттар тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.Кербұлақ ауданы ПБ бастығы полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев
Сурет: Алматы облысы ПД
Полиция басшысының ақпараты бойынша, іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған 1998 жылы туған азамат бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылмаған. Алматыға жұмыс істеуге барған қаладағы жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, «Апорт» сауда үйіндегі дүңгіршектердің бірінен тәркіленген заттарды заңсыз иемденіп кеткен.
Тәртіп сақшыларының бұлтартпас айғақтарынан кейін күдікті қылмысын толық мойындап, заңға қайшы әрекеті үшін өкінетінін жеткізген. Оның әрекетіне сот органдары нақты баға беретін болады. Сонымен қатар, полицейлер оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барын тексеруде. Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript