Вайнерлер Төребаев пен Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды
Тергеу сотының қаулысымен М.Төребаев пен М.Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына өзгерту санкцияланды. Алматы қалалық соты
Тергеу органы 2 ай бойы қамауға алуға санкция беретін материалдарды ұсынбаған.
Айыпталушы бап бойынша қосымша дәлелдемелер мен материалдар жиналған жағдайда, тергеу органы қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы санкция беру туралы өтініш білдіруге құқылы. Алматы қалалық соты
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі олардың Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылғанын еске салды. Қылмыстық іс бір топ азаматтың «ASTEX.KZ » ЖШС, «ACD Technology» ЖШС лауазымды тұлғаларына қаржылық пирамида құру және оны басқару фактісі бойынша жазған ұжымдық арызы негізінде тіркелді.
Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысуға қажет деген желеумен қаражат тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан.
Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға төлеген жарна сомасының 20 пайызын төлеуге міндеттелген. 5 млрд теңгеден астам қаражатты «ASTEX.KZ» ЖШС 162 салымшыдан басқа компания – «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы алған.
2022 жылдың ақпан айында вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және Азизжан Саидбаев қаржылық пирамида құрып, оны басқарды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат таралды.