Желідегілерді Атырау облысындағы жолдардың біріндегі қисық сызық күлкіге қарқ қылды
Видеоны түсірген адамдар "мұны түсірген жұмысшылар мас болған болу керек, бастықтарынан енді таяқ жейді-ау" деп уайымдап қояды.
Желі қолданушыларының кейбірі видео авторымен келіссе, тағы басқалары осындай бассыздыққа жол берген ауыл әкімін жұмыстан шығаруды ұсынады.
Zakon.kz бұл жағдайға қатысты "ҚазАвтоЖол "ҰК"АҚ-қа хабарласып, түсініктеме алуға тырысты.
Бұл видеодағы жол республикалық маңызға ие емес екенін хабарлаймыз. Видеода жергілікті жердің жолы көрсетілген, яғни ол жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) қатысты. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ республикалық маңызы бар жолдарды салып, қайта жаңартумен айналысатынын еске саламыз. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева
Өз кезегінде Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтар үшін "Шипажай" ықшам ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды (газ, су, электр желісі, жол) тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Видеода көрсетілген жолда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым – "Қарағанды жолдары" ЖШС. Көрсетілген жұмыстарды тапсырыс беруші әлі қабылдап алған жоқ. Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әкімдіктегілер жолға қатысты барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін жол таңбасы мердігер есебінен түзетілетінін айтты.