Қазақстандық әйел баласын Ресейге сатып жіберген
Бұған дейін Красноярскіде жаңа туған нәрестелерді саудалады деген күдікке ілінген «Дидилия» суррогат ана орталығының басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Тергеу барысында 19 сәби анықталды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, сот 29 жастағы Қазақстан азаматшасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот суррогат ана қызметін желеу етіп, жаңа туған нәрестені сатып алу – сату іске асырылғанын анықтады.
Әйел 2020 жылғы сәуірде қыз босанып, туу туралы куәлік алып, содан кейін ол нотариалдық кеңседе «Дидилия» ЖШС директоры мен оның таныстарына баласына иелік ету мүмкіндігін беру үшін сенімхат рәсімдеген.
Сонан соң ол Қазақстанға оралып, баланы сатқаны үшін 13 мың доллар алған. Артынша серіктестік директоры мен оның сыбайластары жаңа туған нәрестені ақылы түрде үшінші тұлғаларға беру үшін емдеу мекемесінен алып кеткен.
Серіктестік директоры үшінші тұлғаларға бала туып беру үшін ақшаға әйелдер тартқан. Жаңа туылған нәрестелерді перзентханадан алып шығу үшін құжаттар рәсімделген, кейін балаларды шетел азаматтарына сатқан. Ол үшін ер адам таныстарымен бірге басқа адамдар үшін бала тууға дайын әйелдерді Ресей мен Қазақстаннан іздеген. Осыдан кейін әйелдер Камбоджада күдіктілер ұйымдастырған медициналық процедурадан өтіп, жүкті болған.
Іс бойынша басқа айыпталушыларға қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр.