Дәрігерлер жазасын өтеуші жарақаттаған түрме қызметкерлерінің жағдайы туралы айтты
Тараздағы 158/7 түзеу мекемесінде оқыс жағдай болған. Сотталушыларды түгендеу кезінде, сапта тұрған бір жазасын өтеуші қолына өткір зат алып, мекеме қызметкерлеріне тап берген. Сол жерде үшеуін жаралапты. Қаскөйді әзер дегенде сабасына түсірген. Оның мұндай қадамға неліктен барғаны әзірге белгісіз. Колония басшылығы болған жағдайды толық растап отыр. Бірақ тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтерді жария етпеді. Үш адамның өмірін қия жаздаған азаматтың қай өңір тумасы екені және оның бұған дейін не үшін сотты болғанын да айтпадs, делінген КТК жаңалықтарында.
158/7 түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушы Ғалымхан Тілепов сұрақтарға қысқаша былай жауап берді:
- Пышақ қайдан жүр оның қолында?
- Ол бойынша ештеме айта алмаймыз. Бәрі тексеріліп жатыр.
- Қашау ма, пышақ па?
- Тексеріс жүргізілмей, оны айта алмаймыз.
- Ол бұған дейін осындай әрекетімен көзге түскен бе еді?
- Жоқ.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қаскөйдің қолынан жарақат алған – отряд бастығы, жедел уәкіл және қатардағы бір қызметкер. Үшеуі де қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер екі азаматтың жағдайы ауыр дейді. Өйткені өткір зат екеуінің ішкі ағзасын зақымдаған.
Жағдайы ауыр. Ішек құрылысына зақым келген. Ота жасалған, қазір бір қалыпты, ауыр хәлде. Үшінші науқыстың жағдайы өте ауыр, оң жақ көкіректен ұрылған. Өкпесіне зақым келген. Тараз қаласы көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев
Желіде үш адамды өлтіре жаздаған азаматтың 32 жаста екені және оның бұзақылық пен қарақшылық баптары бойынша 14 жылға сотты болғаны айтылады. Ол осы мерзімнің бес жылын ғана өтеген екен. Енді соңғы қылмысы үшін тағы 20 жыл қосып алуы ықтимал.