Дизель отыны ұрлығы: Атырауда облыстық мәслихаттың экс-депутаты ақталды
Атап айтқанда, апелляциялық сот Самаликов пен Мақат локомотив депосының есепшісі Ақмаржан Жұмашеваны ақтап шықты, деп жазады Ақ Жайық басылымы.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, іс сотталғандар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және оған қатысты деп айыпталған және ұрлық дерегі бойынша сотталғандарды ақтауды, отбасылық жағдайы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жазасын жеңілдетуді сұрады.
Сот алқасы сотталғандарды ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және қатысты деген айыптарға дәлел жоқтығы туралы апелляциялық шағымдардың уәждерімен келісті, өйткені бұл бөлімдегі айыптар болжамға негізделген, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Самаликов пен Жұмашеваға дизельдік отын шығындары туралы жүкқұжаттарына қол қоюда өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамады деп тағылған айып расталмады.
Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес, Самаликов пен Жұмашеваның жүкқұжаттардың дұрыс толтырылуына жауапты емес екені анықталды. Аталған құжаттардың толтырылуына жауапкершілік техникалық бөлім басшысына жүктелген. Ол көрінеу жалған мәліметтер жазылған жүкқұжаттарды рәсімдегені үшін сот үкімі бойынша кінәлі деп танылды. Самаликов басшы ретінде дизель отынының ұрлануына жол бермеу үшін барлық шараны қабылдаған: тепловоздарға ағызуға қарсы құрылғы орнатқан, тепловоздарға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорынға үндеу хаттар жазған, делінген облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Самаликов пен Жұмашева іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталды.
Айта кетсек, тергеу және бірінші сатыдағы сот үкіміне сәйкес, 19 адам қатысқан қылмыс 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында жасалған. Осы уақыт ішінде олар 300 тоннаға жуық дизель отынын ұрлап, жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам сомада Мақат локомотив депосына зиян келтірген. Айыпталушылардың кейбірі ғана кінәсін мойындап, өкініш білдірген. Экс-депутат Абзал-Сенбі Самаликов пен «Мақат» локомотивінің есепшісі Ақмаржан Жұмашева ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі («Салғырттық») бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Жалпы 15 адам нақты мерзім, қалғандары бас бостандығын шектеу жазасын алды.