Ақтөбедегі жағдай: «Азаматтарға арналған үкімет» ІІМ мәліметін жоққа шығарды
Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, «арнайы ХҚКО қызметкерлерінен құралған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» кейбір клиенттерді гаджетпен және металл іздегішпен тексерместен, емтиханға кедергісіз кіргізген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Нариман Дүйсекеев теориялық емтихан тапсыру кезінде қолданылатын биометриялық жүйеге «U-Study» ЖШС жауапты екенін атап өтті.
Қолданыстағы алгоритм бойынша «U-Study» ЖШС қызметкерлері тексеріп, үміткерлердің залға кіруіне мүмкіндік береді. Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерін емес, «U-Study» ЖШС қызметкерлерін ұстады. Нариман Дүйсекеев
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік корпорацияның ішкі қауіпсіздік департаменті 200-ден астам құқық бұзушылықты анықтағаны атап өтілді.
Негізінен бұл емтихан тапсыру кезінде гаджеттерді – жасырын камера мен шағын құлаққапты пайдалану әрекеттері болды, сол арқылы емтихан тапсырушы көмекшілерінен дұрыс жауаптарды сұрап отырған.
19 тамыз күні Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-да Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері азаматтарға жүргізуші куәлігін заңсыз берген күдіктілерді ұстады.