Жанболат Мамай ісі бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды
Сотқа Жанболат Мамайға қатысты заңсыз митингі ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік қызметшілерге тіл тигізу, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіретін және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіретін көрінеу жалған ақпарат тарату баптары (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2-бөлігі, 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы, 400-бабы) бойынша қылмыстық іс түсті.
Сот қаулысымен істі қарау мерзімінде сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы қамауға алудан үйқамаққа ауыстырылды. Қылмыстық іс сот өндірісіне қабылданды. Бірінші сот отырысы 7 қараша сағат 15:00-ге белгіленді, – делінген хабарламада.
Ақпан айының соңында Мамай қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу акциясын ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Әкімшілік қамауға алынғаннан кейін ол ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату және мемлекеттік қызметкерлерді балағаттау бойынша күдікті ретінде танылғандықтан, босатылған жоқ.
Маусым айында оған "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды" және "жалған ақпарат таратты" деген қосымша айыптар тағылды.