Алматы тауларында қар құрсауында қалып кеткен 38 көлік табылды
2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 20-30-да Республикалық жедел-құтқару жасағы тобының және Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының күшімен Бартоғай су қоймасы жағынан Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясына жетпей 38 көлік табылды.
Қар құрсауында қалып кеткен 53 адамның екеуі - бала. Жоғалып кеткен 7 адамнан тұратын отбасы да сол арадан табылды. Көбінің көлігінің жанармайы таусылып қалған. Қазіргі уақытта құтқарушылардың күшімен автокөліктерге жанар-жағармай құю және адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Экобекетке 8 әйел мен екі жасар бала жеткізілді.
"Қар құрсауында қалып кеткен көліктер колоннасының қатарында ТЖД қызметкерлері, РЖҚЖ-ның құтқарушы-фельдшерлері бар, олар екі вахтовка автокөлігімен жылыту пунктін ұйымдастырды. Сондай-ақ, жергілікті атқару органдар мен волонтерлармен бірлесе отырып, жанар-жағармай, көрпелер мен азық-түлік (тез әзірленетін ланч-бокстар, бутербродтар, бәліштер, макарондар) жеткізу ұйымдастырылды". Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі
Эвакуациялау жұмысы қардың молынан түсуі және қар көшкіні салдарынан қиындай түсуде. Инженерлік және құтқару техникасы қар құрсауында қалып кеткен коллонаға қарай бағыт алып келеді.
"Сағат 17:30-дағы жағдай бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖД-ның, Республикалық жедел-құтқару жасағының, полиция, облыстық денсаулық сақтау департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен және волонтерлардан тұратын 85 адам мен 38 техника жұмылдырылды". Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі